Рақыш (Исаева) Жұмашай Сайлауқызы – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және мәтінтану» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты (2007). Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетін бітірген (1992). Ол фольклорлық мұраларды зерттеумен қатар басылымдық текстология мәселелерімен айналысады. Ж.Рақыш «Қамбар батыр» және оның текстологиясы» (2009) атты монографиясын жазды. «Фольклор мәтінтануы» (2009), «Тәуелсіздік кезеңінде жарияланған көркем шығармалардың текстологиясы» (2012), «Фольклорлық мұралар: жиналу, жариялану тарихы» (2014), «Қазақ фольклортануының тарихы: ХVІІІ-ХХІ ғасырдың басы» (2017), «Қазақ текстологиясы: эпостық жырларды мерзімдеу (датировка) мәселелері» (2017), «Қазақ текстологиясы: негізгі мәтін мен авторды анықтау (атрибуция) мәселелері» (2022) атты ұжымдық монографияларда текстологиялық зерттеу еңбектері жарияланды. «Казахский эпос» (2010) атты басылым, «Қазақ тілі» оқу құралы (2015) авторларының бірі. «Қазақ фольклортануының терминдер сөздігін» (2020), «Дала фольклорының антологиясы» он томдық жинақтың 5-томы (2019) мен 6- томын (2020) дайындап, жауапты редакторы болды. Зерттеуші «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2004 жылдан бастап «Бабалар сөзі» жүзтомдық ғылыми сериясының алғашқы томдарының жауапты шығарушысы болды, ондаған томдарын құрастырды. «Қамбар батырға» арналған 43-томын құрастырған Ж.Рақыш жырдың беймәлім нұсқаларын алғаш рет ғылыми айналымға енгізді. Ол фольклортану библиографы ретінде де танымал. «Қазақ әдебиеті, сыны мен өнері» (1997, 1998) библиографиялық көрсеткішін Ә.Нарымбетов, Г.Ордамен бірге, 2005 және 2009 жылы «Қазақ фольклоры мен фольклортануының библиографиялық көрсеткішін» жеке құрастырған. Сондай-ақ «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» 8-том (2005), 11-том (2017), 12-том (2020), «Классикалық зерттеулер» 26-том (2014), «Сүйінбай. Зерттеулер мен мақалалар» (2015) атты жинақты, Жамбыл (2021), Ахмет (2022), Мағжан (2023) шығармаларының академиялық толық жинағын құрастырушылардың бірі, жауапты редакторы. 2014-2015 оқу жылынан бастап Ж.Рақыш «Ғылым ордасы» Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру орталығында фольклортану және текстология салалары бойынша оннан астам пәннен оқу-әдістемелік кешен дайындап, магистранттар мен докторанттарға дәріс оқиды. Жұмашай Сайлауқызының жүзден аса ғылыми еңбектері отандық және шетел басылымдарында (үш мақала Scopus базасында) жарияланды.


Білімі

Білім беретін мекеме

Квалификация

Аяқталу күні

әл-Фараби атынд.ҚазМУ
Жоғары
1992

Ғылыми дәрежесі

Ғылыми дәреже атауы
Ғылым саласы
Диплом берілген күні
Кандидат
27.06.2007
Қызығушылығы